Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаратаулық шенеуніктер уран өңдеу кезінде 862 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қаратау кәсіпорны басшылығына ("Қазатомөнеркәсіп" еншілес кәсіпорны) және "Iri building" мердігерлік ұйымының директорына, авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Kazatomprom

Мәліметтерге сүйенсек, мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыруда құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

"Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және "Қаратау" ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлық нәтижесінде жасалған. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді. "Iri building" ЖШС-нің нақты иесі іздестіріліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген агенттіктің хабарламасында.



Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі.

Айта кетейік, бұрынғы вице-министр Т.Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекетке никель (1,075 миллион тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар Қостанай облысындағы бірегей "Шевченковское" кен орны қайтарылды. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 триллион теңгеден асады.

Еске салайық, бұған дейін "Қазақстан теміржолы" ҰК" АҚ еншілес кәсіпорны, әскери теміржол күзетінің бас директоры мен оның орынбасары 159 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырғаны туралы жазған едік.

Талқылау